Шымкентте такси жолаушысынан 30 млн теңге болатын «синтетика» тәркіленді

Дастан Жұмабекұлы

Ол Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны болып шықты

Фото: polisia.kz

Шымкент қаласында полиция такси жолаушысынан 30 млн теңге болатын «синтетиканы» тәркіледі.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, такси жолаушысы есірткіні Алматыдан Шымкентке әкелген. Ол такси жүргізушісінің күдіктенгенін және оның полицияға синтетика туралы хабарлағанын естіп қалып, бағдаршамның қызыл түсі жанғанда автокөліктен шығып, бой тасалаған.

Алайда полицейлер курьердің көліктің жүк салғышында қалдырып кеткен сөмкесінен скотчпен оралған 3 пакетті тәркілеген. Сараптама тәркіленген заттың массасы 1,5 келіге жуық мефедрон психотроптық есірткісі екенін растады.

Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері күдіктіні Алматы қаласының аумағында анықтап, ұстады. Ол Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны болып шықты.