Ол саналы ғұмырын спорт журналистикасына арнады
Қазақ журналистикасының ардагері, қазақ телевизиясы мен радиосына өз қолтаңбасын қалдырған белгілі спорт журналисі Рабат Жәнібеков өмірден өтті.
Рабат Әлібекұлы 1942 жылы 27 маусымда қазіргі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы Рабат ауылында туған. Ол саналы ғұмырын қазақ телевизиясына арнап, қазақ тілінде спорт репортажын жүргізген комментатор болды.
Мектепті бітірген соң қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсті. Университетте білім алып, жеңіл атлетика, еркін күрес, велоспортпен кәсіби тұрғыда айналысты. Велошабандоз болып, облыс жүлдегері атанды.
Еңбек жолын 1968 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Құрдастар» балалар мен жасөспірімдер хабарында бастаған. Ол алғаш рет қазақ даласының үні болған «Қазақ радиосында» әскери-патриоттық редакциясының қазақ тіліндегі хабарлары ашылып, соның редакторы болды. Қазақ телевизиясында 2003 жылға дейін редактор болып қызмет етті.
1972 жылы Алматыдағы орталық әскери штаб ашылып, онда әскери және спорт хабарларының жүргізушісі қызметіне шақырылды.
1973 жылдан бастап телеарнаның спорт бөліміне ауысып, комментаторлық жұмысты атқарды.
Рабат Әлібекұлы алғаш рет 1972 жылы футболдан КСРО чемпионатындағы Алматының «Қайрат» клубы мен Мәскеудің «Торпедо» командасының матчын жүргізді.
1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында көгалдағы хоккейден тікелей репортаж, бұдан басқа, әйелдер арасында волейболдан Еуропа чемпионатын миллиондаған жанкүйерге жеткізді.
2004 жылдан бері Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-практикалық орталығында баспасөз хатшысы болды.
Рабат Жәнібеков спорт журналистикасында талай шәкірт тәрбиеледі. 2001 жылдан 2012 жылға дейін Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында спорт журналистикасы факультетінде шәкірттерге сабақ берді. Бірталай талантты спорт журналистерін дайындады. Қазір олар есімі елге танымал спорт журналисі болып жүр.