Halyq Uni логотип
×

Жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес – Шыңғыс Әрінов

Төтенше жағдайлар министрі ел бойынша сейсмикалық жағдай тұрақты екенін айтты

 Дәурен Ерболат 05.03.2024 | 10:58
Жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес – Шыңғыс Әрінов
көрнекі фото: Halyq Uni

Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов 4 наурызда Алматыда болған жер сілкінісі жайлы Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жағдайды баяндады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, ведомство жер сілкінісі кезінде бірінші минуттан бастап қажет шараларды үйлестірген.

«Қазақстандықтар арасында үрей болдырмау үшін жер сілкінісі туралы және халықтың әрекеті бойынша хабардар етуді бастады. Сөйлеу дабылы, сирена және жергілікті объекті жүйелері тартылып, телерадиоарналар арқылы жеткізу іске асырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар ашылып, 384 азаматты қабылдау пункті ұйымдастырылды. Тәулік бойы жедел желі жұмыс істеп жатыр. Кеше қабылдау пунктеріне 3 мыңға жуық адам орналастырылды. Оның ішінде 906 бала бар», - деді министр.

Бүгінде ТЖМ әкімдіктермен бірлесіп, қираған ғимараттарды анықтап жатыр. Сондай-ақ министрліктің әуе кемесімен сел қаупі бар аумақтарға аэровизуалды зерттеу жүргізілген.

Алгоритимге сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тартылды. Қазір Алматы қаласындағы барлық тіршілікті қамтамасыз ететін объектілер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, - деді Шыңғыс Әрінов.

Министр Үкімет басшысы жер сілкінісін алдын ала білу мүмкін емес екенін жеткізді.

«Олжас Абайұлы, жер сілкінісін кез келген төтенше жағдай сияқты алдын ала болжау мүмкін емес. Осыған байланысты министрлік оның алдын алу және халықты бірінші кезектегі әрекетке дайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұрын сізге баяндағанымдай, 20 ақпаннан бастап Алматыда азаматтарды төтенше жағдайларға даярлау үшін министрліктің басшылары қатарынан жедел топ жұмыс істеп жатыр. Осы қысқа мерзім ішінде жер сілкінісі кезеңінде азаматтардың іс-қимылдары туралы ауқымды ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді ол.

Шыңғыс Әрінов бұл жұмыс өз нәтижесін көрсеткенін жеткізді.

«Бұл жолы халықтың көп бөлігі үрейге ұшыраған жоқ. Жедел топ қаладағы 8 мыңға жуық ауланы аралап, білім беру объектілерінде 650-ден аса сабақ өткізді. Адамдар көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынама таратты. Кеше менің бұйрығыммен халықты оқыту және жер сілкінісі кезінде практикалық әрекеттерді пысықтау үшін Алматыға Ұзынағаштан әскери қызметшілер жіберілді. Қазір еліміз бойынша сеймикалық жағдай тұрақты», - деп сөзін түйіндеді министр.

Алматыда қаңтардағы жер сілкінісінен кейін 4 мыңнан аса афтершок тіркелді. Мамандар табиғи құбылыстың әлі күнге дейін жалғасып жатқанын хабарлаған еді. Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы жер қыртысының флюидті режимі зертханасының меңгерушісі Елизавета Есенжігітованың айтуынша, Алматыда күніне бірнеше рет жер сілкінеді, алайда тұрғындар оны сезбейді. Мұндай жер сілкінісін құрылғылар тіркейді.

Алматыдағы жағдай қалыпты. Кейінгі бес жылда ел бойынша жыл сайын 8-9 мың рет жер сілкінді, соның 15-20-сы ғана адамға сезіледі. 2023 жылдың басқа жылдардан айырмашылығы жоқ. 2020 жылы ғана оның көрсеткіші 10 мыңға жетті. Алматы оңтүстік-шығыста орналасқан, Бұл – Қытай және Қырғызстанмен шекаралас аймақ. Бұл жерде таулы қыраттар бар. Геологиялық есептеу бойынша қарасақ, осы таулардың түзілуі жердің қозғалысына әкеледі. Қазақстанда тіркелген жер сілкінісінің көбі шекаралас таулы аймақтарда болады. Соңғы жер сілкінісін алсақ, бізде магнитудасы 4, кей жерде 5 болса, негізгі ошағында – 6,7. Шет елдің мәліметі бойынша магнитудасы – 7,1. Біз жер сілкінісінің ошағында қанша болғанын білмейміз. Себебі басқа мемлекет, ол жерлерде біздің құрылғылар тұрған жоқ. Сол себепті айырмашылық бар, - дейді Есенжігітова.

Айтуынша, институттың кейінгі 30-40 жылдағы болжамы дәл келген. Себебі ірі жер сілкіністеріне ғана болжам жасалады. Ірі жер сілкінісі – магнитудасы 5,5-тен жоғары дүмпу. Ол кезде ғимаратқа да зақым келеді, адамдар да сезеді. Одан төмен жер сілкіністері айына, күніне, сағатына бірнеше рет болады, оларға болжам жасаудың қажеті жоқ. Ал соңғы жағдайда адамдар жел сілкінісін сезді, себебі ол жерге жақын қабатта болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама