Автобус жүргізушілеріне қойылатын талап жеңілдеуі мүмкін

Дәурен Ерболат

Елімізде автобустар тозған және білікті мамандар тапшы 

Фото: Halyq Uni

Елімізде автобус жүргізушілеріне қойылатын талап жеңілдеуі мүмкін, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Көлік министрі Марат Қарабаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Ол Қонаев қаласында облыс тұрғындары және кәсіпкерлермен кездесті. Жиында өңірдегі жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорын өкілдері өзекті мәселені көтерді. Олар автобустарды жаңарту үшін шара қабылдауды, автобус жүргізушілері үшін қажет жұмыс өтілін азайтуды, D санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін жас көрсеткішін төмендетуді сұрады.

Министр тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатқанын жеткізді.

Біз тамызға дейін мәселе түбегейлі шешіледі деп үміттенеміз. Автобус жүргізушілердің жасын 23-ке дейін төмендетіп, D1 санаты үшін жүргізуші өтіліне қойылатын талапты 3 жылдан 1 жылға дейін азайтамыз. Алайда мұнымен мәселе толық шешілмейді, дегенмен алғышарттар бар, - деді Марат Қарабаев.

Ведомство басшысы бұл мәселеге талдау жүргізілгенін жеткізді.

2014 жылға дейін D санаты бойынша 84 мың адам оқыған. Талап күшейгеннен кейін автобус жүргізушісіне оқитындардың саны 4 мыңға дейін азайды. Бұл – өте аз. Сондықтан Мәжіліс депутаттары мәселені түсініп, бізге қолдау көрсетеді деген үміттеміз, - деді Көлік министрі.