Қаңтарда сауда орталықтары мен базарларда 2 мыңнан астам қызмет көрсетілген
Қазақстанның 20 облысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алатын 29 connection point ашылды. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары сауда орталықтары, базарлар, автовокзалдар және банктер сияқты қоғамдық орындарда орналасқан.
Айта кетсек, connection point – азаматтарға электронды үкімет порталы арқылы қызметтерді өз бетінше алуға көмектесетін аумақ. Онда тұтынушылар электронды қолтаңба алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, зейнетақы жинақтары туралы анықтама алу және т.б. сияқты танымал қызметтерге тапсырыс бере алады.
Өткен жылы қазақстандықтар ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында 15 миллионнан астам қызмет алған болатын. Біз ірі қалалар мен облыс орталықтарында connection point орнату арқылы жобаны ауқымды етуді ұйғардық. Сауда орталықтарын, базарларды, автовокзалдарды кездейсоқ таңдаған жоқпыз, ол жақтарда адам легі көп және азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін біздің қызметкерлерге жүгіну ыңғайлы болады, - деді Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Бұған дейін сауда орталықтары мен базарлардағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 2 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Қаңтар айындағы ең танымал қызметтердің бірі азаматтық хал актілері туралы мәліметтерді түзетуге өтініш беру болды. Азаматтар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысу үшін балалар туралы мәліметтерді қосуға өтініш берген.