30-ға жуық адам жауапқа тартылды
Қарағандыда қызметкерлер үстеме жұмысына 29 миллион теңгеден астам ақы төлеуге қол жеткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы денсаулық сақтау ұйымдарының қызметіне тексеру жүргізді. Оның барысында мекемелерде жұмысшылардың қауіпсіз еңбек жағдайларына әсер ететін өрт қауіпсіздігі, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері анықталды.
Еңбек кодексінде бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға ұзақтығы кемінде күнтізбелік 6 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары көзделген. Алайда мүмкіндігі шектеулі қызметкерлерге қосымша ақы төленетін еңбек демалысы берілмеген. Оның үстіне түнгі жұмысқа тарту кезінде олардың еңбек құқығы бұзылған.
Сондай-ақ үстеме жұмыс үшін төлемнің қате жүргізілгені және қызметкердің күнделікті мөлшерлемесі негізінде 1,5 есе қосымша есептелмегені анықталды.
Бүгінде қадағалау актісі бойынша анықталған бұзушылықтар жойылып, 200-ден астам қызметкерге 29 миллион теңгеден астам үстеме жұмыс ақысы төленді. 2 мың 149 медицина қызметкерінің құқығы қалпына келтіріліп, 12 адам тәртіптік, 27 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 3 млн 168 мың 850 теңге айыппұл салынды.