Halyq Uni логотип
×

Референдум қарсаңында Петропавл әкімі еңбек демалысына кеткен

Қалалық әкімдіктегілер Болат Жұмабековтың қамауға алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

 Самат Жақып 30.05.2022 | 14:01
Референдум қарсаңында Петропавл әкімі еңбек демалысына кеткен
Болат Жұмабеков, фото: youtube.com/c/pkzsk

Соңғы кездері Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтың жұмыстан босатылып, оның үй қамауына алынғаны жайлы алып-қашпа әңгіме тарап жатыр. Бүгін бұл қауесетті шаһар басшысының міндетін атқарушы Асқар Хабибулин жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша Петроавл қаласының әкімі ресми түрде еңбек демалысына шыққан.

Мамыр айының басында Болат Серікұлының өз еркімен отставкаға кеткені жайлы ақпарат тараған еді.  Сол кезде де әкімдіктегілер оның демалыста екенін айтып, 16 мамыр күні жұмысқа шығатынын жеткізді. Елімізде саяси науқан - референдум өткелі жатқанда қала әкімінің еңбек демалысында жүргені көптің күдігін туғызды. Құзырлы орган өкілдері әлі шаһар басшысына қатысты ешқандай ресми ақпарат таратқан жоқ.

«Құрметті БАҚ өкілдері. Петропавл қаласының әкімдігі облыс орталығының басшысы үй қамауында отырғаны туралы ақпаратты жоққа шығарады. Сонымен қатар қала басшысының қызметінен босатылғаны туралы қауесетті жоққа шығарамыз. Облыс орталығының басшысы Болат Жұмабеков қазір демалыста. Ресми демалыс 6 маусымға дейін жалғасады. Жалған ақпарат таратпауды және халықты адастырмауды өтінеміз», - деп жазды Петропавл қаласы әкімінің міндет атқарушы Асқар Хабибулин.

Болат Жұмабеков 2012 -2013 жылдары аралығында Петропавл қаласының әкімі болып қызмет атқарды. Кейін Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда басшы болды. 2019 жылдың 12 сәуірінен бастап қайтадан облыс орталығына әкім болып тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама