Әйел адамдарға гүл сыйлау дәстүрі ежелден бастау алады
Бірер күннен кейін көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні келіп жетпек. Осы орайда нәзік жандыларға қандай сыйлық тарту етсе болады деген заңды сауал туындайды. Бүгінгі материалда мерекеде қыз-келіншектерге ерекше көңіл-күй сыйлайтын, өзіндік мағынаға ие 5 танымал гүлді назарға ұсынамыз.
Әйел адамдарға гүл сыйлау дәстүрі ежелден бастау алады. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Нәзік жандыларға гүл сыйлау тарихы қайдан шыққан?» атты мақалада аңыз бойынша гүл сыйлау дәстүрі Хауа ана мен Хауа ата кезеңінен басталғаны айтылады.
Сонымен бірге мақала авторы гүл сыйлау үрдісі алдымен Шығыс елдерінде пайда болып, уақыт өте келе Еуропа елдеріне тараған деген деректі айтады. Бүгінгі материалда арулар мерекесінде нәзік жандыларға сыйлауға болатын танымал 5 гүл жайлы қызық деректерді ұсынатын боламыз.
Қызғалдақтар
Флористердің пікірінше, жыл сайын ерлер қауымының қалауы қызғалдық гүліне түседі екен. Мамандар бұған бірнеше себеп бар екенін айтады. Қызғалдақтардың Отаны саналатын Голландияда бұл гүл – осы елдің символына айналған.
Мамандар қызғалдақтар сұранысы жөнінен АҚШ пен Жапонияда үшінші орынды алатынын айтады. Десе де көпшілік Түркия мен Иранда да қызғалдақтар осы елдің символына айналғанын біле бермейді.
Флористар қызғалдақтар түсіне қарай бірнеше мағынаны білдіретінін айтады:
Қызыл қызғалдақтарды махаббат сезімін білдіру үшін сыйлауға болады.
Алқызыл қызғалдақтарды да өз сезіміңізді білдіру үшін сыйға тартуға болады, мұндай түстегі қызғалдақ бойжеткеннің сізге қаншалықты маңызды екенін білдіреді.
Сары қызғалдақтар достық қарым-қатынасты білдіреді.
Ақ қызғалдақтар тазалық пен пәктіктің белгісі, флористер оны көп жағдайда үйлену тойына орай ұсынып жатады.
Көктемнің алғашқы мерекесіне аруларға не себепті қызғалдақты жиі сыйға тартады? Мамандар мұны қызғалдақтардың әдеміліген, көздің жауын алатын түрлі-түсті болғанынан, сондай-ақ көңіл-күйді көтеріп, эстетикалық ләззат сыйлай алатын әсем гүл болғандықтан деп түсіндіреді.
Қызғалдақтарды кімге қанша тал беруге болады?
Бұл туралы мынадай құнды кеңеске назар аударыңыздар:
3 қызғалдақтан тұратын шағын гүл шоғы – сыйластық пен құрметтің белгісі.
5-7 қызғалдақтан тұратын гүл шоғы – аруларға көрсеткен ерекше ықыластың белгісі.
9-11 данадан тұратын қызғалдақтар гүл шоғы – қызыңыз, немереңіз бен әпкеңізге көрсеткен сый-құрметтің белігісі.
25 данадан тұратын үлкен гүл шоғын анаңыз бен әйеліңізге сыйлаған абзал.
51 данадан тұратын ең үлкен гүл шоғы сүйіктіңізге немесе болашақ жарыңызға сыйлайтын таптырмас сыйлық болмақ.
Гүлді таңдаған сәтте әлі толық ашылмаған гүлдерді таңдағаныңыз жөн. Сонда гүл шоғыры ұзақ уақытқа дейін сақталатын болады.
Раушан гүлдері
8 наурыз мерекесінде берілетін тағы бір хош иісті гүлдің түрі – көпке танымал раушан гүлдері. Бұл гүлдерді сыйға тартқанда оның түстеріне мән берген жөн. Мысалы:
Лимон түсті сары раушан – көтеріңкі көңіл-күй, таусылмас энергияның белгісі. Мұндай түстегі раушанды құрбыңызға немесе әріптесіңізге сыйлаған жөн.
Ақ раушан гүлдері – тазалық пен адалдықтың белгісі. Мұндай түстегі гүлдерді сүйіктіңізге сыйлаған дұрыс.
Күлгін және көк түсті раушан гүлдері – шығармашылықтың, алға ұмтылудың белгісі. Мұндай түсті раушандарды құрбыңызға ойланбастан сыйлауға болады.
Алқызыл түсті раушандар – нәзіктік, сыйластық пен ерекше сезімнің белгісі. Осы түстегі раушандарды жас бойжеткендерге сыйға тартуға болады.
Қызыл түсті раушан – сүйіктіңізге деген ыстық махаббаттың, адалдықтың белгісі.
Раушан гүлінің санына байланысты гүл шоғын кімге сыйлауға болатынын анықтауға болады. Егер гүл шоғы 19 раушаннан тұрса, онда оны сүйіктіңізге сыйласаңыз болады. Егер жақыныңызды таң қалдырғыңыз келсе, онда 35 раушаннан тұратын гүл шоғын таңдағаныңыз жөн. Ал 101 раушан гүлі әрине кез келген арудың көңілінен шығатыны анық.
Раушан гүлдері Халықаралық әйелдер күнінен бөлек, кез келген мерекеге берілетін, ерекше сый-құрметті білдіретін гүлдердің бірі болып қала бермек.
Мимоза гүлі
Massaget.kz басылымының хабарлауынша, мимоза гүлі – әлемдегі ең «ұялшақ» гүл болып есептеледі. Басылым гүлдің атауы былай деп түсіндіреді: гүлге қолды тигізген сәтте ол жапырақтарын жаба қалатын көрінеді. Ал қолыңызды алсаңыз, ол жапырақтарын қайтадан аша қояды екен.
Ғылыми әдебиеттерде мимозаның 400-ге жуық түрі тұқымдасы бар екені айтылады. Оның атауы грек тілінен аударғанда «мимос» «актер» немесе «миме», «оса» ұқсас деген мағынаны білдіреді. Мимоза жылдам өсетін гүл, олардың кейбірінің биіктігі тіпті 10 метрге дейін жетеді екен.
Мимоза - Халықаралық әйелдер күнінің символы ретінде таңдалған гүл. Бұл мерекенің тарихы екі италиялық белсенді Тереза Маттей мен Рита Монтаньядан бастау алады. Олар әлемде гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтары үшін күрескен қайраткерлер саналады. Бұл тұлғалар дәл осы Мимозаны әйелдерге сыйлаған екен.
Мимозаны көбінесі италиялықтар сыйға тартқанды ұнатады. Әсіресе ер-азаматтар мимоза гүлін әйелдерге еш себепсіз сыйлауға құмар. Бүгінде сары түсті хош иісті гүлді 8 наурыз мерекесіне жиі сыйлайды. Оның ашық түсі мен ерекше пішіні көптеген сұлудың көңілінен шығатыны сөзсіз.
Лалагүл
Флористер нәзік жандыларға мерекесіне орай лалагүлді де сыйлауға болатынын айтады. Лалагүл нәзіктіктіктің белгісі, дейді мамандар. Лалагүлді сыйлау арқылы сіз әйелдерге ана болу бақытын, сұлулық пен әдеміліктің символы екенін білдіре аласыз. Мұндай гүлді әдетте жақын құрбыңыз немесе әпкеңізге сыйға тарта аласыз.
Мамандар одан бөлек, жақындарыңызға келесі гүлдерді сыйға тартуға кеңес береді:
сүйіктіңізге – раушан, орхидея және қызғалдақтарды сыйлай аласыз;
анаңыз бен әжеңізге – гербер, астра, қоңырау гүлдерді сыйға тарта аласыз;
әріптесіңіз бен құрбыңызға – лютик, магнолия, маргаритка гүлін тарту ете аласыз;
әпкеңізге – фиалка, лалагүл, түймедақ гүлін сыйласа болады.
Нәзік жандылар сыйға гүл алған кезде әр гүлдің мағына білдіретініне баса мән беріп жатады. Осы орайда, көпке танымал гүлдер қандай мағына білдіретініне тоқталуды жөн көрдік.
пиондар – көтеріңкі көңіл-күй, жоғары талғамның белгісі;
бәйшешек – нәзіктік пен жастықтың белгісі;
көкнәр – болашақ арман, романтиканың белгісі;
маргаритка – тазалық, пәктік, адалдықтың белгісі;
қоңырау гүлдер – тұрақтылықтың белгісі;
ландыш гүлдері – отбасындағы махаббат, бақыт пен тұрақтылықтың белгісі;
лалагүл – нәзіктіктің белгісі;
гладиолустар – батылдық пен өжеттіктің белгісі;
жасмин гүлдері – әйел затына сай нәзіктіктің белгісі;
ирис гүлі – даналықтың, жоғары интеллектің белгісі;
Пион гүлдері
Соңғы жылдары көпшілік арасында аса танымал болған гүлдің бірі – пион. Өзінің ашық түсі, хош иісі мен ерекше пішінінің арқасында көптің көңілін жаулап алған гүл 8 наурыз мерекесіне таптырмас гүл шоғы болуы әбден мүмкін. Пион ерекше әдемі гүл, сондықтан ол кез келген аруға ұнайтыны сөзсіз. Пиондарды көбінесе қалыңдық гүлі деп те атайды. Нәзіктігінің арқасында ол қалыңдықтың образына ерекше әдемілік береді.
Пион гүлінің атауы жайлы мынадай қызықты дерек бар. Гүлге бұл ерекше ат дәрігерлер құдайы Пеанның құрметіне берілген деген аңыз бар. Аңыз бойынша оның кәсібилігіне көңілі толған науқастардың бірі дәрігерді қаза болған соң гүлге айналдырып жіберген екен. Пиондарды түсіне қарай былай сыйға тартады:
Шие түсті және бордо реңкті пион гүлдерін орта жастағы әйелдерге сыйлаған жөн. Мысалы, жұмыстағы басшыңызға немесе ұстазыңызға сыйлауға болады.
Алқызыл, ақ, крем түсті пиондарды жас қыз-келіншектерге сыйға тарту ұсынылады.
Пион гүлін, сонымен бірге гүл шоғындағы санына қарай төмендегідей сыйға тартуға кеңес беріледі:
9 пион гүлі – жақын достарыңыз бен таныстарыңызға беруге болады;
7 пион гүлі махаббат пен құмарлықтың белгісі;
5 пион гүлі сыйластық деген мағынаны білдіреді, мұндай гүл шоғын жақын туысыңызға тарту етуге болады;
3 пион гүлі – алғыс немесе мақтаудың белгісі;
1 пион гүлі сүйіктіңізге деген ыстық сезімнің, нәзіктіктің белгісі.
Қазіргі таңда пион гүлін түрлі бұйыммен бірге сыйға тарту сәнге айналған. Мысалы, түрлі зергерлік бұйымдар, парфюмерия, шетелге саяхат сертификаты, тәтті шоколад немесе сақина, жұмсақ сүйкімді ойыншық немесе кофе, шай және т.б.
Гүлдің қай түрі болмасын, әйелдер қауымына ерекше мерекелік көңіл-сүй сыйлайтыны анық. Ендеше, көктемнің алғашқы мерекесінде жақыныңызды гүлмен қуантуды ұмытпаңыз.