Қостанайдағы балабақшада да тәрбиеші балаға қол көтерген (ВИДЕО)
Сот-медициналық сараптама тағайындалды
Әлеуметтік желіде тәрбиешінің баланы ұрып, жұлқылағаны түсірілген видео тарап жатыр. Оқиға Қостанайдағы балабақшалардың бірінде болған.
Видео сипаттамасында оқиғаның балабақшада болғаны айтылған. Кадрда тәрбиешінің баланы ұрып, кейін оны сүйреп әкеп орындыққа отырғызғаны көрсетілген. Бұл видеоға қатысты қалалық білім бөлімінің өкілдері пікір білдірді.
Бұл оқиға шынымен болған. Бүгінде тәрбиеші жұмыстан босатылды. Әрі қарай іс заң аясында қаралады, - деді ведомстводағылар.
Бұл оқиғаға қатысты Қостанай қалалық полиция департаменті де түсінік берді.
Факті тіркелді. Тәрбиешіні әкімшілік жауапкершілікке тартуға материал жиналды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Материалды әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сот қарайды, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атырауда балабақша тәрбиешіcінің баланың басынан тартып жібергенін жазған болатынбыз.