Теннисші Михаил Кукушкин Challenger финалына шықты
Қазақстандық спортшы 11 матч қатарынан жеңіске жетті
Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Испанияда қатарынан 11 матчта жеңіске жетті. Бұл туралы Қазақстанның теннис федерациясы хабарлады.
Осылайша Михаил Кукушкин Тенерифе (Испания) Challenger турнирінің финалына жолдама алды.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық спортшы жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 399-орындағы испаниялық 18 жастағы Мартин Ландалусемен сынға түсті.
Бірінші партияда корт иесі ширақтық танытты – 6:2.
Екіншісінде Кукушкин есе қайырды – 6:2.
Үшінші, шешуші сетте есеп 5:4 болып, қазақстандық теннисші матчқа доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады – 5:5. Дегенмен тай-брейкте шеберлігінің басым екенін дәлелдеді – 7:6 (7:4), - делінген ақпаратта.
Михаил Кукушкин финалда әлемнің 156-ракеткасы италиялық Маттео Гигантемен чемпиондық атақ үшін таласады.