×

Адамды орманға ұрлап апарып, ақша бопсалағандар сотталды

Қостанай қалалық сотында 3 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды

 Динара Амантай 02.03.2024 | 16:12
Фото: polisia.kz

Қостанайда адамды орманға ұрлап апарып, ақша бопсалағандар сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қостанай қаласының №2 сотында пайдакүнемдік мақсатта адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы қару пайдалана отырып, адамды ұрлау, сондай-ақ iрi мөлшерде мүлiктi алу мақсатында қорқытып алу, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы бөтеннің мүлкін зорлық-зомбылық арқылы беруді талап ету фактісі бойынша 3 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, 2023 жылдың 21 мамырында сотталушы екі досымен бірлесіп, дос қыз баланы қорлады деген сылтаумен кек алу мақсатында жәбірленушіні ұрлауға келісіп, жоспарларын іске асырады. Олар жәбірленушіні күштеп өз үйлеріне әкеліп, ұрып-соққан әрі қорқытып, қорлаған. Содан кейін психологиялық қысым көрсету үшін оны көліктің жүк салғышына салып орманға алып кеткен.

Орманда жәбірленуші ұрып-соғу пен қысымнан құтылу үшін оларға 6 млн теңге беруді ұсынған. Келесі күні сотталушылар жәбірленушінің депозитінен 1 млн теңгеден астам ақшасын ашық түрде ұрлаған.

Сот айыпталушыларды ҚК 191-б. 2-б. 1), 3) т. және 125-б. 2-б. 1) т. бойынша кінәлі деп танып, жасалған әрекеттердің жеке басын, сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын ескере отырып ҚК 58-б. 3-б. пайдалана отырып Қ.-ға жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесінде өтей отырып 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі, ал С. мен Д.-ға ҚК 63-б. қолдана отырып, пробациялық бақылау белгіленіп, әр қайсысын 7 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жаза тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама