ҰҚК қатарына 3 мың қазақстандық алынады
Әскерге шақыру ашық жүргізіледі
Биыл жазға дейін Қазақстанда 20 мыңнан аса адам әскерге шақырылады. Оның 3 мыңы ҰҚК қатарында әскери борышын өтейді. Бұл туралы Қарулы күштер бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті басшысының орынбасары, полковник Азамат Досымов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
1 наурыздан бастап елімізде қалалық және аудандық шақыру комиссиялары қазақстандықтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруға кіріскен. Жұмысты әкім орынбарлары бақылайды
2024 жылғы 30 маусымға дейін Қарулы күштерде, басқа да әскери құралымдарда 18 жастан 27 жасқа дейінгі мерзімді әскери қызметке 20 мыңнан аса адам шақырылады. Олар әскерге шақыруды кейінге қалдыра алмайды және әскерден босатуға негіз жоқ. Нәтижесінде Қарулы күштер қатарын 9 мыңнан аса адам, Ұлттық ұланды 6 мыңнан аса адам, ҰҚК Шекара қызметін 3 мыңға жуық адам, Төтенше жағдайлар министрлігін 300-ден аса адам, Мемлекеттік күзет қызметін 300-ге жуық адам толықтырады, - деді Азамат Досымов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Қарулы күштер бас штабының өкілі сарбаздарды әскерге шақыру кезінде жұмыс ашық жүргізілетінін жеткізді.