Астанада бірнеше есірткі зертханасы жойылды
Алынған есірткі құны қара нарықта 540 млн теңгеге бағаланады
Биыл 22 ақпанда ҰҚК Астана қаласы бойынша департаменті астаналық прокуратураның үйлестіруімен қаланың өнеркәсіп аймағында орналасқан синтетикалық есірткі өндіру бойынша жасырын зертхананы жойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікпен Астананың 2 тұрғыны ұсталды.
Тінту барысында шамамен 80 мың бір реттік дозаға тең 27 келіден астам «мефедрон» психотроптық заты, сондай-ақ 1 тоннадан артық прекурсор алынды.
Алынған есірткі құны қара нарықта 540 млн теңгеге бағаланады.
Бұдан басқа, Астананың басқа аудандарында зертхана жабдығы бар 12 метрлік екі контейнер табылды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар бірнеше осыған ұқсас өндірісті ұйымдастыру үшін арналған.
Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етілмейді.