Медицина мекемелерінен ірі көлемде ақша бопсалаған екі ер адам ұсталды
Олар жәбірленушіден 32 миллион теңге талап еткен
Түркістан облысында медицина қызметкерлерін бопсады деген күдікпен екі тұрғын ұсталды. Олар Мақтаарал және Жетісай аудандарында орналасқан медицина мекемелерінің қаржылық қызметі туралы мәліметті таратпас үшін ақша талап еткен. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Криминалдық полиция басқармасына медицина мекемесінің қызметкері арызбен жүгінген. Белгісіз біреулер мекеме абыройына нұқсан келтіретін мәліметтерді жария етіп, бақылаушы органдардың жоспардан тыс тексеруін ұйымдастырамыз деп қорқытып, одан 32 миллион теңге бопсалаған.
«Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі «Аса ірі мөлшердегі бопсалау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Қылмыстық топты ұстау және қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы бойынша ПД Криминалдық полиция басқармасы мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, кезек күттірмейтін тергеу жұмыстары кешені жүргізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Жетісай қаласындағы дәмханалардың бірінде ірі көлемде ақша қаражатын бопсалап, алып жатқан Жетісай қаласының тұрғынын ұстадық. Күдіктіден айғақты зат ретінде 32 млн теңге көлемінде ақша тәркіледік», – деп атап өтті Құрманбек Сахов.
Бұған қоса күдіктінің сыбайласы Шымкент қаласынан ұсталғаны белгілі болды.
Шымкент қаласындағы мекемелердің бірінің жанында өткізілген тергеу әрекеттерінің нәтижесінде Түркістан облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері, ҰҚКД қызметкерлері және Шұғыл әрекет ету арнайы жасағы бірлесіп, екінші күдікті – Мақтаарал ауданының тұрғынын ұстадық, – деді ПД бастығының орынбасары.
Сонымен бірге ол қазіргі уақытта екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғанын, ұсталғандарға қатысты қажетті жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты.