Ауылда 34 жастағы жігітті атып өлтіргендер іздестіріліп жатыр
Бұл – жыл басынан бері өңірдегі қасақана кісі өлтіру дерегі бойынша болған төртінші кісі өлімі
Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылында оқ атылып, 34 жастағы тұрғын алған жарақатынан мерт болды.
Ә.А. есімді ауыл тұрғыны түнде алған жарақатынан ауруханаға барар жолда көз жұмған. Ол бұрын жасаған қылмысы үшін сотты болған. Қазір қару қолданды деген күдіктілер іздестірілу үстінде. Ал мессенджерлерде 4 адамның күдікті екені көрсетілген полицияның бағыттама қағазы тарады. Қос тараптың да қылмыс әлеміне қатысы бары айтылып жатыр.
Жамбыл облыстық полиция департаменті күдіктілерге іздеу жариялағанмен, олардың кімдер екені нақты айтылмай отыр. Марқұмды қандай мылтықпен атқаны сараптамадан кейін белгілі болмақ.
Марқұмды ауыл ішінде атқан. Ол ауруханаға алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі ішінде қайтыс болған. Аталған дерекке қатысты полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 99-бабы, («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық істі тіркеді. Қазір қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау іс-шаралары жүргізіліп жатыр, - деді Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Алмаз Саламатов.
Жалпы, бұл – жыл басынан бері өңірдегі қасақана кісі өлтіру дерегі бойынша болған төртінші кісі өлімі. Былтыр бұл бап бойынша онда 30-дан аса адам қаза тапқан.