СҚО мектептерінде жұмысшылардың құқығы бұзылған
Лауазымды адамдар жауапқа тартылды
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жұмысшылардың еңбек құқығының жүйелі түрде бұзылатынын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекеттік мекемелердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде негізгі талаптарды сақтамау салдарынан жұмысшылардың құқығы өрескел бұзылған.
Ақжар, Қызылжар, Уәлиханов аудандарының оқу орындарында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабын бұза отырып, 524 қызметкер арнайы киіммен (мақта матадан тігілген халатпен, резеңке қолғаптармен, қолғап) қамтамасыз етілмеген.
Қызылжар ауданында Кодекстің көрсетілген нормасына қайшы, жалпы білім беретін мектептерде үй-жай қызметкерлері резеңке қолғапсыз дезинфекциялау құралдарын пайдаланып, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізген. Сонымен бірге, Кодекстің 33-бабын бұза отырып, Ақжар ауданындағы 5 орта мектепте 10 жұмысшы еңбек шартын жасамастан жұмыс істеген, – делінген прокуратура хабарламасында.
Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін мектепте Еңбек кодексінің 182-бабы талаптарына қайшы, басшылар мен жауапты тұлғаларды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және білімдерін тексеру ұйымдастырылмаған.
Қадағалау органының актілері бойынша қызметкерлермен еңбек шарты жасалып, арнайы киім беру және лауазымды адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүргізіліп жатыр.