×

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу кәсіпкерлерге ауыр тимей ме?

Наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді

 Дәурен Ерболат 29.02.2024 | 11:44
Тимур Жаксылықов, вице-министр

Қазақстан 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекітті.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жаксылықов бірыңғай уақыт белдеуіне көшу бизнеске айтарлықтай шығын келтірмейтінін айтты.

Сенаттың жалпы отырысынан шыққан министрдің орынбасарына «Бірыңғай уақыт бөлдеуіне көшу кәсіпкерлерге ауыр соққы болмай ма?» деген сұрақ қойылды.

Тимур Жаксылықов бұл мәселе бойынша Сауда және интеграция министрлігі тиісті талдау жүргізгенін атап өтті.

...Біз бизнесте айтарлықтай шығын болады деп ойламаймыз. Керісінше, егер тұтынушыларда қандай да бір қолайсыздық туындаса, ол уақытша болады. (Бірыңғай уақыт белдеуі) кең байтақ елімізде жұмыс уақытының бір уақытта басталуына мүмкіндік беріп, бизнес ұзақ мерзімді оң нәтижеге ие болады. Мемлекеттік қызметтерді алу бойынша барлық рәсім бір уақытта басталып, бір уақытта аяқталады. Менің ойымша, бұл белгілі бір деңгейде бизнеске оң әсерін тигізеді, - деді вице-министр.

Айта кетейік, 1 наурыз сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жергілікті уақытты бір сағат артқа жылжытуға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама