Жаңа ипотекалық бағдарлама және 1 млн теңге грант: Наурыздан бастап Қазақстанда не өзгереді?

Айгерім Таубай

29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні бірқатар өңірде уақыт бір сағат артқа жылжиды

Коллаж Halyq Uni

Наурызда қазақстандықтарды біршама өзгеріс күтіп тұр. Ішінде уақыттың өзгеруі, жаңа ипотекалық бағдарлама, блогерлерге артылатын жауапкершілік те бар. Толығырақ Halyq Uni материалынан оқи аласыздар.

САҒАТ ТІЛІ БІР САҒАТ АРТҚА ЖЫЛЖИДЫ

2024 жылдың 29 ақпанынан 2024 жылдың 1 наурызына қараған түні (сағат 00:00-де) 12 облыс пен 3 қалада уақыт 1 сағат артқа жылжиды.

Бұл өзгеріс Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарына қатысты болып отыр.

Алайда бұл өзгерістер Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарына әсер етпейді.

Географиялық жағынан Қазақстан UTC+3, UTC+4, UTC+5, UTC+6 белдеуінде орналасқан. Қазір елімізде UTC+5, UTC+6 белдеуі қолданылады. Бұл өзгерістен кейін бәрі бір уақытқа теңесіп, ел бойынша UTC+5 белдеуі енгізіледі.

Айта кетейік, сағат ауысса, намаз уақыты да автоматты түрде өзгереді.

ЖАҢА ИПОТЕКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМА

1 наурызда «Отау» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталады.

Баспаналы болғысы келетін қазақстандықтар 30 сәуірге дейін Баспана маркет порталында өтініш жолдауға тиіс.

Бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрғандар, Отбасы банкінде шоты бар азаматтар қатыса алады. Өтініш берген уақытта шотында кем дегенде 1 млн теңге болуы шарт.

«Отау» бағдарламасына 7 жыл бойы 150 млрд теңгеден бөлінеді. Жоспар бойынша 50 мың адам осы бағдарламаның қызығын көреді.

Алматы мен Астанадан үй алғысы келетіндердің осы қалаларда тұрақты тіркеуде тұруы қажет. Мегаполистерде 30 миллион теңгеге дейін қарыз беріледі.

Өңірлердегі жағдай басқа, мұнда қарыз сомасы 18 миллион теңгеден аспайды.

Бастапқы жарна – 20 пайыз. Жылдық мөлшерлеме – 9 пайыз. Ипотекалық қарыз 19 жылға дейін беріледі.

Айта кетейік, елімізде бір жыл ішінде жаңа тұрғын үй нарығындағы баға 2,9 пайызға өсті, екінші нарықтағы пәтер бағасы 4,4 пайызға арзандады.

БЛОГЕРЛЕРГЕ АРТЫЛАТЫН ЖАУАПКЕРШІЛІК

2 наурыздан бастап блогерлер онлайн жарнаманы таңбалап көрсетуге міндетті.

Акция жасалған және бағасы төмендетілген тауар, жұмыс немесе көрсетілетін қызметтерге сілтеме берілсе, онлайн-жарнама таңбалануға тиіс.

Демек, мәтінде «жарнама», «жарнама материал», «серіктестік материал», «демеушілік материал», «жарнама құқығында», «демеуші төленген», «PR құқығында» деп белгілеп отырады.

ЖҮК КӨЛІКТЕРІНЕ УАҚЫТША ШЕКТЕУ ЕНГІЗУ

1 наурыздан бастап Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстарында салмағы 8 тоннадан асатын автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Шектеу 1 сәуірде алынады.

23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да шектеу енгізілу жоспарланған.

ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВІНЕ ІРІКТЕУ

Бұл айда өңірлік кадр резервіне іріктеу басталады. Құжаттар 31 наурызға дейін onir.pkrezerv.gov.kz сайтында қабылданады.

Оған 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар азаматтар қатыса алады.

Жобаның мақсаты – дарынды жастарды өңірлерді дамытуға тарту.

ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРҒА 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН БЕРІЛЕДІ

Жұмыссыз жастар Zhas project аясында әлеуметтік жобаларға конкурс негізінде 1 миллион теңгеге дейін шағын гранттар ала алады.

Байқауға қатысатын үміткерлерге 19 ақпан мен 24 наурыз аралығында жоба шарттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 25 наурызда конкурс басталады, өтініштерді қабылдау 24 сәуірге дейін (соңғы күн есептеледі) жалғасады.  25 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтініштер іріктеліп, 15 мамырдан бастап қорытынды шығарылып, жарияланатын болады.

Байқауға 18 жастан 34 жасқа дейінгі (қоса есептегенде) Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қатысушының облыс аумағында тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы қажет және ресми түрде уақытша жұмыссыз санатында болуға тиіс.

Айта кетейік, қатысушы тек 1 әлеуметтік жоба ұсына алады. Сонымен қатар 2023 жылы «ZHAS PROJECT» жобасы бойынша шағын грант ұтқан жастар қатыса алмайды.