БҚО-да мемлекеттік мекеменің директоры жауапқа тартылды

Динара Амантай

Сондай-ақ сотқа мердігерді жосықсыз деп тану туралы арыз берілді

Фото: Sputnik / Абзал Қалиев

БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және балалар үйінің түлектері арасынан шыққан еріктілер «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің жай-күйіне мониторинг жүргізу барысында оның аяқталу мерзімінің бұзушылығын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2023 жылғы 22 қыркүйекте «Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар үй» КММ мен «Тасқала Транс Газ» ЖШС-нің арасында 2024 жылғы 19 қаңтарға дейін жұмыстарды аяқтау мерзімімен 516 млн 260 мың 847 теңгеге ғимаратты жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу шарты жасалды.

Бүгінде жұмыс аяқталған жоқ. Соның салдарынан жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері өмір сүруге қолайсыз жағдайда тұруға мәжбүр болды.

Департаменттің ұсынысымен жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтамағаны үшін «Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар үй» КММ-нің директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тапсырыс беруші тарапынан сотқа өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арыз берілді, – делінген Антикор хабарламасында.