«20 жыл бойы айтуға қорқып келдік»: Кәсіпкер Бас прокуратураға Әлия Назарбаеваның үстінен арыз түсірген

Ая Өміртай

Кәсіпкер құны 170 миллион доллар болатын жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетін рейдерлік жолмен тартып алынғанын айтты

фото: Нұрлан Баймурзин, Жарқын Күреңтаев

Нұрлан Бимурзин есімді кәсіпкер Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева мен Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Игорь Роговтың әйелі Валентина Рогованың үстінен Бас прокуратураға арыз түсірген. Н.Баймурзин аты аталған тұлғаларды «кәсібімді рейдерлік жолмен тартып алды» деп айтыптап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Астанада Әлия Назарбаевадан қысым көргенін айтқан кәсіпкерлер баспасөз мәслихатын өткізді. «ТПК Азия» ЖШС басшысы Нұрлан Бимурзиннің айтуынша, 2003 жылы Әлия Назарбаева өз ықпалын пайдалана отырып, құны 170 миллион доллар болатын (2003 жылғы есеп бойынша) жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетін тартып алған.

«Қысқаша айтар болсам, серіктесім Медғат Қалиев екеуіміз осы сәтті 20 жыл күттік. Себебі жиырма жыл бойы жақындарымыз бен отбасымыздың амандығы үшін қорқып келдік. Өйткені олардан қысым болды. Қазақстанда Назарбаевтар отбасының немен айналысқанын жақсы білесіздер, әсіресе Әлия Назарбаева. Әділдік болуы қажет деп санаймыз, енді әрбір әрекет үшін жауап беруі керек. 19 ақпанда біз Бас прокуратураға арыз жаздық, Активтерді қайтару жөніндегі комитетке түсті. Жаңа Қазақтанға сенеміз», - деді арыз иесі Нұрлан Баймурзин.

Кәсіпкер Әлия Назарбаева тарапынан қысым 2022 жылы басталғанын айтады. Айтуынша, кәсіпкердің қолында экс-президенттің кенже қызы мен оның сыбайластарына қатысты айғақтар мен құжаттар бар.

«Қорқынышты жағдай. Отбасымды да, өзімді де ойлап отырмын. Қашанғы қорқа береміз, шындықты бәрі білуге тиіс. Тергеуге қажетті материалдарды жинастырдық. 2002 жылы бізге қаржы полициясы қысым көрсетті. Касса аппараттарына түгел мөр бекітіп, Әлия Назарбаеваның өкілі өз талаптарын ұсынды. Олар бізді қорғайтынын айтып, үлескер ретінде бизнестің 50 пайызын сұрады. Қазір атын айта алмаймын – танымал адам. Бір жылдан кейін Назарбаева қалған үлесін алғысы келетін айтты. Бұл 2003 жылдың қазан айы болатын. Шынтуайтында, неге, не үшін екенін түсіне алмадық. 2003 жылы қарашада әкемді алып кетіп, оған «Казпотребсоюздың» бұрынғы ғимаратындағы офисіне апарған. Екеуара әңгімесінен соң, әкем отбасы амандығы үшін шартына келіскен. Ертеңіне әйелім екеуміз Достық пен Киров көшесі қиылысындағы нотариусқа бардық. Әлия Назарбаеваның өзі болған жоқ. Рогова болды. Мен үлестік қатысуды қайта тапсыруға қол қойдым, серіктестіктегі өз үлесім үшін 18 120 теңге алдым. Әйелім келісімін білдірді, әрине уайымдады», - деп баяндады Нұрлан Баймурзин.

Ол аталған талаптарды Әлия Назарбаеваның өзі жеке қойғанын, сонымен қатар биліктегі ықпалын пайдалана отырып қорқытқысы келгенін атады. Сондай-ақ Әлия Назарбаевамен ортақ бизнесі болмағанын да жеткізді.

Бүгін сіздерге айтарым, енді ешкім үнсіз қала алмайды. Құқықтық алаңда біз соңына дейін барамыз. Дәлелдейміз, - деді кәсіпкер.

Әлия Назарбаеваның сыбайласы ретінде есімі аталған Валентина Рогова – Конституциялық Кеңес төрағасы болған Игорь Роговтың әйелі.

Біз айыптап отырған жоқпыз, жәбірленуші ретінде арыз түсірдік. Соған сәйкес аталған іс және дәлелдер бойынша прокуратура мен сот құқықтық баға беретін болады, - деді белсенді Жарқын Күреңтаев.