Halyq Uni логотип
×

Көлік министрлігі мен inDrive маңызды келісімге қол қояды

Меморандум туралы мәселе жыл басынан бері айтылып келеді

 Дастан Жұмабекұлы 28.02.2024 | 13:41
Көлік министрлігі мен inDrive маңызды келісімге қол қояды
Фото: gov.kz/ Көлік министрлігі

Көлік министрлігі мен inDrive такси компаниясы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум жасасу қажеттілігі туралы шешім қабылдады. Қазір меморандумның жобасы әзірленіп жатыр.

Министрліктің хабарлауынша, меморандум туралы мәселе ведомство өкілдерінің таксиге тапсырыс беруге арналған мобильді қосымшалар операторларымен кездесуде талқыланған.

Биыл 19 қаңтарда автокөлікпен жолаушыларды тасымалдау мәселелері жөніндегі кеңес аясында Көлік министрі Марат Қарабаевтың төрағалығымен таксиге тапсырыс беруге арналған мобильді қосымшалар операторларының, оның ішінде «Яндекс» пен inDrive өкілдерімен кездесу болған еді. Кеңесте такси тасымалдаушыларының автокөлік саласындағы заңнама нормаларын сақтауын қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалы қауіпсіздігі бойынша ішкі корпоративтік талаптарды енгізу қажеттілігіне қатысты мәселелер көтерілді. Кеңесте таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшалары операторларының өкілдеріне автокөлөкпен жолаушыларды тасымалдау саласының проблемалық мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар енгізу ұсынылды, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметіне қарағанда, 12 ақпанда Көлік вице-министрі М. Қалиақпаровтың төрағалығымен inDrive сервис операторының өкілдерімен қосымша кездесу өтті. Кеңесте жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың жағымсыз тұстарын көрсете отырып, жол-көлік апаттары бойынша статистикаға назар аударылды. Осыған байланысты компанияға жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтау бойынша талаптарды күшейту ұсынылды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша мобильді қосымша операторының такси тасымалдаушыларының автокөлік саласындағы заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды кезең-кезеңімен қабылдауына бағытталған Көлік министрлігі мен inDrive операторы арасындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум жасасу қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Қазір аталған меморандумның жобасы әзірленіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама