Күдікті зергерлік бұйымдарды ломбардқа сатып үлгерген
Шымкенттің базарларында алтын ұрлаумен айналысқан алматылық әйел ұсталды. Ол зергерлік бұйым сатушыларына жарты миллион теңге көлемінде шығын келтірген, деп хабарлады polisia.kz.
Күдікті әйел базарға сатып алушы ретінде келіп, бағалы бұйымдарды білдірмей ұрлап, ізін суытып отырған. Содан кейін тауардың жетіспеушілігін байқаған 3 кәсіпкер полицияға арыз жазған.
Әл-Фараби аудандық ПБ-ның жедел уәкілдері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеріп, күдіктіні анықтады. Ол Алматы қаласының осы кезге дейін ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары оны тұрғылықты жерінен ұстады.
Күдікті зергерлік бұйымдарды ломбардқа сатып үлгерген. Қазір ол қамауда.
Құқық қорғаушылар әйелдің басқа да қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін екенін айтып отыр.