Ақтөбе облысының тұрғыны екі жылдан бері «өлілер» тізімінде тұр
Оның 6 баласы бар
Ақтөбе облысы Өрлеу ауылының тұрғыны Бота Қартбаева 2 жылдан бері өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр. Ол учаскелік полицейдің қателігінен қайтыс болғандардың тізіміне еніп кеткен. Соның кесірінен жұмысқа да орналаса алмаған. Бұл туралы qazaqstan.tv хабарлады.
38 жастағы келіншектің жеке куәлігі де, басқа құжаттары да түгел. Алайда қазір қайтыс болған адамдардың тізімінде. Айтуынша, 2 жыл бұрын Темір ауданында болған жол апаты кезінде қаза тапқан әйелдің орнына оның жеке мәліметтері тіркеліп кеткен.
Менің фамилияммен бірдей, қайтыс болған кезде менің жеке мәліметімді тіркеп жібереді. Жұмысқа тұра алмаймын. Медосмотрдан өте алмаймын. Ауруханаға барсам, өлгендердің қатарында тұрсың деп қарамайды, - деп мұңын шақты Бота Қартбаева.
Оның 6 баласы бар. 2022 жылдың басында мемлекеттен берілетін жәрдемақы да уақытша тоқтап қалыпты. Дегенмен оны кейін қалпына келтірген. Ал медицина мекемелеріне әлі күнге дейін тіркеле алмай жүр. Қарғалы қалалық ауруханасының мамандары да оған көмек қолын созбақ болыпты. Денсаулық сақтау басқармасына, министрлікке бірнеше мәрте хат та жазған. Алайда әзірге нәтиже жоқ.
Электронды денсаулық сақтауды дамыту депараментінен келген жауап бойынша, Қартбаеваның туыстарына, жеке жолдасына айтқан болатын. Қайтыс болғандығын алып тастау үшін әділет орындарына жүгінуге тиіс немесе мәселені сот арқылы шешуді сұрадық, - дейді Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күмісай Байболатова.
Алайда Бота Қартбаева басқаның қателігі үшін неліктен қорғаушы жалдап, қаржы мен уақыт жоғалтуым керек деп отыр. Ал Ақтөбе облыстық полиция департаментінің өкілдері барлық инстанцияларға нақты сауалнамалық деректер жіберілгенін хабарлады. Көпбалалы ананың жеке деректеріне өзгеріс енгізу үшін денсаулық сақтау министрлігіне хат жолданған.