Бүгінде 10-нан аса дерек анықталды
Павлодарда полиция адамдарды үйсіз қалдырған алаяқты ұстады, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Күдікті халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдарды алдаған.
Арнайы іс-шара барысында Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының өкілдері жылжымайтын мүлікті заңсыз қайта рәсімдеді, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен Павлодар қаласының тұрғынын ұстады.
2021 жылдан 2023 жылға дейін күдікті халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдарды тауып, оларға пәтерді тиімді бағада сатып беремін деп алдаған. Алайда жылжымайтын мүлікті сатқаннан кейін ақшаны қайтармай, тұрғындарды үйсіз қалдырған, – деді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Ғабит Қабдрахманов.
Полиция оннан аса деректі тіркеді. Бүгінде алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.