×

Жыл басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылған азаматтарға 56,7 млрд теңге төленді

Сонымен бірге еңбекке жарамсыз 85,7 мың адамға әлеуметтік көмек берілді

 Дастан Жұмабекұлы 27.02.2024 | 09:53
Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен шамамен 50,1 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 6,6 млрд теңге әлеуметтік төлемдер төленді.

2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 537,3 мың, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 192,9 мың адам болды.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Сонымен бірге хабарламада асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болатыны атап көрсетілген.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер төленеді. Мәселен, 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 85,7 мың адам еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша, ал асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді шамамен 58,7 мың отбасы алды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің көбеюіне байланысты 7 % өсті, – делінген хабарламада.

Үкіметтің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7% көбейді.

Мәселен, биыл жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері бірінші топ үшін 95 496 теңге, екінші топ үшін 76 397 теңге, үшінші топ үшін 52 089 теңге болды.

2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша МӘСҚ-тен 57 035 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша 53 898 теңге әлеуметтік төлем берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама