Талдықорғанда мемлекеттік сатып алу конкурстарында бірқатар бұзушылықтар анықталды
Прокуратура кәсіпкерлерге келтірілген кедергілерді жойды
Талдықорған қаласының прокуратурасы құны 1 миллиард теңгеден асатын 6 мемлекеттік сатып алу конкурсының күшін жойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тапсырыс берушілер конкурстық құжаттамада біліктілік талаптарын негізсіз жоғарылатып, сол арқылы әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектеп, қиындатқан.
Тағы бір жағдайда, құны 500 миллион теңгеден асатын қала көшелерін ағымдағы жөндеуге конкурс жарияланған кезде тапсырыс беруші жөндеуді қажет ететін көшелердің атауларын нақтыламаған. Әр көшедегі жұмыстың сметалық құнын анықтамай, ақаулы актілерді ұсынбаған.
Прокуратура дер кезінде заңбұзушылықтардың алдын алып, кәсіпкерлік субъектілерінің ашық конкурсқа қатысуын қамтамасыз етті.