Halyq Uni логотип
×

500-600 мың теңгеге жүргізуші таба алмай жатырмыз – Жеңіс Қасымбек

Қалада автобус жүргізушісі тапшы

 Дәурен Ерболат 26.02.2024 | 14:25
500-600 мың теңгеге жүргізуші таба алмай жатырмыз – Жеңіс Қасымбек
Фото: Halyq Uni

Елордада 500-600 мың теңге жалақыға жүргізуші табылмай жатыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мен қалада қоғамдық көлікпен жүрмеймін. Себебі жұмыс көп. Бірақ аптасына бірнеше рет қызметтік автобусқа басқарма басшыларымен, яғни 15-20 әріптесіммен отырып, қаланы үнемі аралаймыз, - деді қала әкімі Сарыарқа ауданында өтіп жатқан жиында.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек жолақыны 110 теңгеге дейін көтеру бастамасына қатысты түсінік берді. 

Былтыр астаналықтарға қоғамдық көліктердің санын арттырамыз деп сөз бергенмін. Өткен жылы тәулігіне 900 автобус рейске шықты. Бүгінде олардың саны 1 300-ге жетті. Біз автобустардың санын 40%-ға өсірдік. Биыл тағы 300 автобус жолға шығады. Жалпы 1,5 млн халқы бар қалада автобустардың саны 2 мыңнан асуы қажет. Сондықтан біз қала бюджетінің мүмкіндігіне қарай мәселені шешіп жатырмыз. Мұнда Үкімет пен Өндірісті дамыту қорына алғыс айтамыз. Олар жеңілдетілген несие беріп, біз отандық автобустарды сатып алып жатырмыз, - деді қала әкімі.

Сонымен қатар ол қалада автобус жүргізушісі тапшы екенін атап өтті.

Қазір жолақы – 90 теңге. Тариф 2014 жылы бекітілген. 10 жыл өтті ғой. Осы уақытта бензин бен газдың бағасы, жүргізушілердің жолақысы да артты. 14 жыл бұрын жүргізушілердің жалақысы қанша болғанын білесіз бе? Қазір олардың жалақысы – 500-600 мың теңге. Қалада жүргізушілер жетіспей жатыр. Осы жалақыға кәсіби жүргізушілерді толық көлемде жұмысқа ала алмай отырмыз. Жарты жылда жергілікті бюджет есебінен жүргізушілердің жалақысын көтеріп, біз жағдайды түбегейлі өзгерттік. (Жүргізуші) жетіспеушілігін айтарлықтай азайттық, - деді Жеңіс Қасымбек.

Қала әкімі жолаушылар тасымалынан пайда түспейтінін, шығын көп екенін жеткізді.

Мысалы, тоқпен жүретін автобус болса, жолаушыны тасымауладың өзіндік құны 400 теңге болатын, ал бензин мен дизельмен жүретін автобуста жолаушыны тасымалдаудың өзіндік құны – 250-400 теңге. Яғни әрбір жолаушыны тасымалдағаны үшін Үкімет, яғни әкімдік 400 теңгеге субсидия бөліп отыр. Біз жолаушы тасымалына қолдау көрсете береміз... Ақылға қонымды бағаны қоямыз... (Тарифті) 110 теңгеге көтеру бүгін емес, 7-10 жылда іске асуы керек болатын. Тариф осыдан 10 жыл бұрын бекітілген. Қазір ол өзекті емес. Жолаушы тасымалдау құны 3 есе төмен. Сондықтан осындай шара қабылдауға мәжбүрміз. Бізді жағдайды білетін адамдар түсінеді деп ойлаймын, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама