Алексей Навальныйдың денесі сегіз күннен кейін анасына берілді
Марқұмды жерлеу рәсімі кейін белгілі болады
Ресей билігіне оппозицияда болған саясаткер Алексей Навальныйдыің денесі сегіз күннен кейін анасы Людмила Навальнаяға берілді. Бұл туралы саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш айтты.
Ол Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде Навальныйды жерлеудің жай-жапсары кейін белгілі болатынын хабарлады.
Қазір Людмила Навальная Ямал-Ненец автономиялы облысының орталығы Салехард қаласында. Ол баласының денесін әкетуге дайындалып жатыр. Ал Навальныйдың жақтастары марқұмды жерлеу рәсімінің кейін белгілі болатынын айтты. Әзірше оның қайда және қашан болатыны белгісіз.
Жерлеу рәсімін отбасы қалағандай, Алексейдің өзіне лайықты түрде өткізуге билік кедергі келтіре ме, жоқ па, оны әзірше білмейміз, деді Ярмыш.
Ол Навальныйдың мәйітін туыстарына беруді талап еткен баршаға алғыс айтты.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Навальныйдың денесі анасына 22 ақпанда көрсетілген. Сол кезде ол қаза туралы медициналық анықтамаға қол қойған. Анықтамада саясаткердің өз өлімімен бақилық болғаны туралы жазылған екен.
Бұған дейін марқұмның денесі анасына берілмей, тіпті оны Навальныйдың туыстары мен жатқастары таба алмай жатқаны хабарланған еді.