Дәретханада басы дауға қалған полицей қызметінен айырылды (ВИДЕО)
Облыстық полиция департаменті бұл мәселені зерттеп жатыр
Алматы облысында дәретханадағы даулы видеодан кейін полицей қызметінен айырылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Ведомство видеороликті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықтағандарын атап өтті.
Осы фактіге қатысты Алматы облыстық полиция департаменті басшысының бұйрығымен қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша аталған қызметкер жұмыстан босатылды. Ал басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетсек, бұған дейін даулы видео әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Кадрдан ер адамның камерасын қосып, дәретханаға кіріп барғанын, онда бір ер адам мен полиция қызметкерінің тұрғанын көруге болады. Видео авторы тәртіп сақшысынан қолында не бар екенін көрсетуді сұрап, оның қасындағы екінші адамнан неліктен ыдысқа зәр шығаруға мәжбүрлегенін сұрайды. Полицей оны жоққа шығарып, өзінің дәретханаға табиғи қажеттілік үшін келгенін айтады.
Алматы облыстық полиция департаменті онда нақты не болғаны туралы сұраққа «бұл мәселені зерттеп жатырмыз» деп қысқаша жауап берген.