Қатыгез ұрпақ өсіп келеді
Алматы қаласындағы №51 балабақшада бүлдіршінді қатарластары соққыға жығып, аяусыз тепкілеген. Балалардың бүлдіршінді соққыға жығып жатқаны бейнекамераға түсіп қалған. Бұл туралы ZTB|QAZAQSTAN Telegram-арнасы хабарлады.
Оқиға 21 ақпанда болған. Сол күні бір топ бала балабақшаның тәрбиеленушісінің жоқтығын пайдаланып, бөлмеде қатарласын жерге құлатып, басынан тепкілеген. Олар жерде жатқан бүлдіршіннің үстіне де секіріп, соққыға жыққан. Осы оқиғадан кейін зардап шеккен баланың ата-анасы ZTB-ның редакциясына хабарласып, көмектесуді өтінген.
Балабақшада біздің баламызды бір топ бала тепкілеп, денсаулығына зиян келтірген. Оны 5 минут бойы ұрып, соққының астына алған. Біздің баламыз ешкімге соқтығыспай, өзімен-өзі отырған екен. Ал топтағы балалар оны жерге құлатып, аяусыз ұрған. Видеода бәрі көрсетілген. Дәл сол кезде тәрбиеші жұмыс орнында болмаған. Ол өзінің бір шаруаларымен көшеге шығып кетіпті, – деді баланың ата-анасы.
Анасының айтуынша, содан кейін зардап шеккен бүлдіршін ауруханаға жеткізілген. Оның миы шайқалған.
Бұл не деген сұмдық?! Айтыңыздаршы! Балалар сондай қатыгез бола ма?! Мұндай тәрбиені ата-аналары берген бе, сонда?! Біз күні бойы көзімізге жас алып, баламызды уайымдап шықтық, – деді бүлдіршіннің анасы одан әрі.
Баланың әкесі де балабақшадағы тәрбиеге наразылығын білдіріп, тәрбиешінің жұмыс орнында болмағанына жауап беру керектігін айтты.
Біздің баламыз жерде тепкінің астында қалып, жылап жатыпты. Ал тәрбиеші соны көріп, ештеңе болмағандай жанынан өтіп кеткен. Ол, тіпті, бізге бала басын ұрып алды деп өтірік айтты. Оған сенбедік. Біздің бауыр етіміз ғой. Бір нәрсенің болғанын іштей сездік. Қатыгез ұрпақ өсіп келеді, – деді ол.
Сорақысы, мұндай оқиға дәл осы балабақшада бұрын да болған екен.
Өкінішке қарай, қазір балабақшада бүлдіршіндердің бір-бірін ұрып-соғуы жиілеп барады. Мысалы, жақында Атырау облысында да мемлекеттік балабақшада бір бүлдіршінді қасындағы балалар соққыға жыққан еді. Ол оқиға Махамбет ауданының Бейбарыс ауылындағы «Балдырған» балабақшасында болған. Түскі демалыс уақыты кезінде бақылаусыз қалған балалар ұйықтап жатқан бүлдіршінді тұрғызып алып, бірнешеуі жабылып, ұрып-соққан көрінеді. Сол кезде жылаған баланың дауысын біразға дейін ешкім естімеген. Бұл балабақшада да тәрбиеші 1 сағаттай топта болмаған.