«Куәгер ретінде қатысып жатыр»: Экология министрі орынбасарының ұсталғанын жоққа шығарды
Мансұр Ошурбаев 2023 жылдың 1 маусымында вице-министр болып тағайындалған
Жуырда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың ұсталғаны жайлы ақпарат тарады. Алайда Экология министрі Ерлан Нысанбаев БАҚ өкілдеріне орынбасарының қызметінде жүргенін, үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеді.
Тергеу аясында оның (Ошурбаевтың – ред.) жұмыс бөлмесінен құжаттар алынды. Ол қазір іс бойынша куәгерлердің қатарында, тергеуге көмектесіп жатыр. Ол қазір жұмыста, қызметте жүр, - деді Ерлан Нысанбаев.
Айта кетейік, вице-министрдің ұсталғаны туралы ақпарат 2024 жылдың 5 қаңтарында шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлеріне және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын растады.
Министрлік те бірден БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясын өткізуге арналған шығыстарға қатысты өткізілген (COP-28) ішкі аудит нәтижелері бойынша ақпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберілгенін хабарлады.
Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің жедел-тергеу тобы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ошурбаевтың қызмет орнынан құжаттарды алды. Қазір вице-министр жұмыс орнында жоқ, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, Мансұр Ошурбаев 2023 жылдың 1 маусымында экология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалды.