Ол жол апатын жасап, оқиға орнынан кетіп қалған
Қызылорда облысының Шиелі аудандық сотында жасөспірімнің өліміне себепкер болған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотталушы азамат алкогольдік мас күйде «Т» маркалы көлікпен «Шымкент-Самара» тас жолында өз жолымен жүріп бара жатқан «А» маркалы көлікке жол бермей, жол-көлік оқиғасын жасап, ауыр зардаптар туындағанына қарамастан, оқиға болған жерден кетіп қалған.
Салдарынан «A» маркалы автокөлігінің жолаушысы, кәмелетке толмаған бала бас тұсынан ауыр жарақат алып, Шиелі аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінде қайтыс болған.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, сотталушыдан алкогольдік масаң күйдің жеңіл дәрежесі анықталған.
Сот үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Кылмыстық кодексінің 345-1-бабы 3-бөлігі және 347-бабымен кінәлі деп танылып, оған осы кодекстің 58-бабы 2-бөлігі қолданылып, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға ауыстыру арқылы көлік құралын жүргізу құқығынан 10 жыл мерзімге айыра отырып, түпкілікті 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.