Талдықорғандағы жаппай төбелестің видеосы пайда болды
Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында
Талдықорған полицейлері қаладағы дәмханалардың бірінде жаппай төбелес шығарғандардың бірін ұстады.
Әлеуметтік желіде ішімдік ішетін орындардың бірінде жастар арасындағы төбелестің видеосы тарап кетті. Кадрдан екі топқа бөлінген жас жігіттер алдымен жұдырықтасып, сосын темір таяқтар қолданғанын көруге болады.
Алматы облысының полициясы жаппай төбелес 27 мамырда болғанын хабарлады. Арандатушылардың бірі ұсталып, қалалық басқармаға жеткізілді.
«Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша жүргізілуде. Қазір төбелеске қатысушылардың барлығы анықталды. Олардың бірі, 22 жастағы жергілікті тұрғын қалалық полицияға жеткізілді», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полицейлер оқиға орнынан бақылау камерасындағы бейнежазба мен темір домкрат тәркіленгенін, олар заттай айғақ ретінде іс материалдарына тіркелгенін айтты. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында екенін мәлімдеді.