Жетісу облысында жеңіл көлік пен жүк көлігінің соқтығысуынан бір адам көз жұмды
Тағы бір жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды
Жетісу облысында жеңіл автокөлік жүк көлігімен соқтығысып, соның салдарынан бір адам көз жұмды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жол апаты 21 ақпанға қараған түні Сарқан ауданындағы Алматы-Өскемен автожолының 455-шақырымында болған. Nissan Terrano жүргізушісі жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, DAF XF 105 жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға орнында жеңіл автокөліктің 30 жастағы жүргізушісі қаза тапты. Жолаушы ретінде кетіп бара жатқан әйел түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жатқызылды.
Жол апаты бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – делінген хабарламада.