Жалпы, өңірде 107 көппәтерлі үйдің тозығы жеткен
Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғындары үй ішінде қаптаған жыланмен арпалысып әлек. «Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық» деген жұрт әкімдіктен жаңа баспана беруді талап етіп отыр, деп хабарлады Almaty.tv.
Ондағы 70-жылдары салынған үйлер қазір адам шошырлық жағдайда тұр. Құлауға шақ қалған ғимараттың тұрғындары бір күнде екі жылан ұстаймыз деп зар қағады. Сондай-ақ жаз басталса, жәндік қуудан көз ашпайтын азаматтардың айтуынша, баспана ішінде тышқан теспеген зат та қалмаған.
Үйде әжетхана, су, шомылатын жер жоқ. Тышқан, жылан шығып жатыр. Мәселені айтып, облысқа дейін бардым, – дейді Дара Рахметуллина атты тұрғын.
Шынымен де ол үйдің тұрғындары үшін кәріз жүйесі, газ, су арманға айналған. Жұрт жақын маңдағы көлден шелектеп су тасуға мәжбүр. Ал жаңбыр жауғанда кіреберістегі электр желілері суға малынып тұратын көрінеді. Ескі үйдің тұрғындары енді «Қай күні тоқ соғып, жан берер екенбіз?» деп алаңдап отыр.
Қазір Атырау облысында 107 көппәтерлі үйдің тозығы жеткен. Іргетасы сөгіліп, қабырғасы жарылып жатқан мұндай апатты үйдің саны ай санап өсіп жатыр. Ал Құрманғазы ауданының өзінде мыңнан аса тұрғын кілтін күтіп, кезекте тұр.
Облыс әкімдігіне бірнеше рет ұсыныс берілді. Тұрғындарды көшіру үшін биыл 640 миллион теңге бөлінді. Үй салынса, осы кісілерді көшіреміз деп жоспарлап отырмыз, – деді Құрманғазы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Шынболат Мусин.
Бірақ тұрғындар әкімдік өкілінің бұл сөзіне күмәнмен қарап отыр.