Бір айдың ішінде 80-нен аса адам анықталды
Қала прокуратурасының үйлестіруімен 15 қаңтар мен 15 ақпан аралығында Алматыда «Іздестіру» жедел алдын алу іс-шарасы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның нәтижесінде іздестіріліп жатқан 84 қылмыскер анықталды. Олардың 27-сіне өткен жылдарда іздеу жарияланған.
Мысалы, 8 ақпанда Алматы облысының Бақанас ауылында Бостандық ауданы бойынша Қытай мен Сингапур азаматтарына қарақшылық жасағаны үшін іздеу салынған адам ұсталды. Сондай-ақ адам денсаулығына өлімге әкеп соққан қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 2010 жылдан бері іздеуде жүрген адам ұсталды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар мегаполисте басқа өңірлерде іздестіріліп жатқан 22 қылмыскер ұсталды. Бұған қоса, хабар-ошарсыз кеткен 17 азамат анықталды.