×

Оқушылар көрген және суретін салып берген: Үржарлық құсбегі қар адамы туралы айтты

Құсбегі басынан өткен қызықтарды айтып берді

 Халық үні 21.02.2024 | 14:24

Үржар ауылында тұратын құсбегі Тәттімбет Кәпұлы саятшылық кезіндегі қызықты оқиғаны ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының YouTube арнасына берген сұқбатында айтып берді. Оның айтуынша, Үржар ауданы тұрғындарының арасында қар адамын көргендер бар. Қар адамы адам аяқ баспайтын тау ішін мекендейтін көрінеді.

Дәлелхан деген мұғалім – менің әріптесім. Мен денешынықтыру пәнінен сабақ беремін. Балаларды далаға жүгіртіп жүргенде болған оқиға. Балаларға сурет салдыртқанда барлығы оны бірдей бейнелеген. Кісікиіктің төрт қолы бар деп жатады. Олай емес, өте ұзын омырауы болады екен. Жүгіргенде төрт қол сияқты көрінеді. Жалпы сол жерде қар адамы бар деп айтады. Газетке де жазды. Сол кезде балаларға суретін салып беріңдер десе, бойы ұзын, төбесі шошақтау келген, тұрқы биік мақұлықты салған. Тау ішінде адам аяқ баспайтын шатқалдар бар деп айтады. Ел арасында оның сол жерді мекендейтіні айтылады. Өзім көрген емеспін, - дейді құсбегі.

Айта кетелік, бірнеше жыл бұрын «Шығыс Қазақстан облысында қар адамы тұрғындардың малын ұрлап әкетіп жүр» деген хабар тараған болатын. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қар адамы туралы аңыз, әңгімелердің айтыла бастағанына ғасырдан асса да, оның сыры әлі күнге дейін ашылған жоқ. Қазақ арасында қар адамын «кісікиік» деп те атайды. 1954 жылы Daily Mail газеті қар адамын іздеу үшін Гималай тауларына экспедиция жасап, талпынысы сәтсіз аяқталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама