Отбасының бересін қашыратындар бала-шағасымен бірге тұра алмайды
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова заң жобасын таныстырып, енді әйеліне қол көтергендер 8 жылға сотталуы мүмкін екенін атап өтті.
Жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Сондай-ақ онда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар, - деді ол.
Сондай-ақ педофилдерге де ауыр жаза қарастырылған.
Балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма бар. Жаңа редакцияда педофилия үшін, кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен қатар азаптауға байланысты да жаңа норма бар.
«Жаңа редакцияда азаптау үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды», - деді депутат.
Жұлдыз Сүлейменова енді отбасының берекесін қашыратындардың да бала-шағасымен бірге тұра алмайтынын жеткізді.
Егер отбасында ойран салған азаматтың басқа тұрғын үйі болса, оның жәбірленушімен бір тұрғын үйде тұруына сот арқылы тыйым салатын норма болды. Бірақ ол жұмыс істеген жоқ. Жаңа редакцияда зорлық-зомбылықа ұшыраған адамды қорғау үшін сот ерекше жағдайларда отбасында жанжал шығарып, құқық бұзған адамды белгілі бір мерзімге жарымен, бала-шағасымен бірге тұруға тыйым салу түріндегі құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға құқылы, - деді ол.
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.