Оған Венгрия мен Испания өкілдері алғаш рет қатысады
Елімізде құсбегілер арасында екінші рет әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы құсбегіліктен мемлекеттік жаттықтырушы Базарбек Күнтуғанұлы Ulttyq sport ютуб арнасына берген сұқбатында айтты.
Оның сөзінше, биыл Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ішінде құсбегілік те бар. Соған орай, сәуірден бастап еліміздің төрт өңірінде оқу-жаттығу жиындары басталады. Одан ары күзде бірқатар жарыс өтеді. Одан бөлек, әлем чемпионатын өткізу жоспарда тұр.
Жалпы бірінші әлем чемпионаты 2022 жылы қарашада Абай облысы Үржар қаласында өткен. Оған 7 мемлекеттен жүзге тарта бүркітші қатысты. Чемпионат 3 күнге созылып, бүркіт, қаршыға, ителгі, тазылар арасында әлем чемпиондары анықталды.
Базарбек Күнтуғанұлының айтуынша, ендігі чемпионатқа оннан астам мемлекет қатысады деген жоспар бар. Оның ішінде Мажарстан, Испания алғаш рет келеді.
Негізі Мажарстанда ителгі, қаршыға секілді кіші құстар бар. Ал Испанияда көбіне бүркіт. Оларда да бүркітті қолға үйретеді, өте жақсы дамыған. Біз ойлаймыз, құсбегілік қазақ пен қырғызда ғана деп. Шындығында шет мемлекеттерде өте көп дамыған, – дейді ол.
Мемлекеттік жаттықтырушының сөзінше, ол елдерде құсбегілік біздегідей спорт ретінде қарастырылмайды, жарыстар өтпейді. Бірақ жеке тәлімбақтарда өздері өсіріп, бағып-баптайды. Ресми рұқсаттарын алып, аңшылыққа да көп шығады. Бұл жағынан бізге қарағанда өте жақсы жетілгенін айтады.