Бүркітшілердің айтуынша, пойызда бүркітпен жүруге рұқсат берілмеген
Шығыс Қазақстан облысында 14 жастағы бүркітші Айзере Марксқызы тұрады. Ол 8 жасынан бері құсбегілікпен айналысады.
Бұл өнерге оны атасы мен әкесі баулыған. Шығыс Қазақстан облысына қарасты Ұлан ауданы Бозанбай ауылында 2024 жылдағы Құсбегіліктен ересектер арасындағы XVII ҚР чемпионаты өткені белгілі. Сол жарыста Айзере Марксқызымен де әңгімелесу реті туды.
Айзеренің бүркітінің аты – Мұзбалақ. Айтуынша, көп жағдайда оны түлкіге салады.
Бүркітім 5 жасар, тауға шыққан кезде аңға саламыз. Бұйырғанын аламыз: түлкі, қоян. Көбіне түлкіге саламыз. Құсбегілікке әкем мен атам баулыды. Сол кісілердің ізін жалғап, ата дәстүрді жаңғыртайық деген арманым бар, - дейді бүркітші қыз.
Айтуынша, кейде мектептегі мұғалімінен сұранып, аңға барады.
Оның сөзінше, қыз болғандықтан бүркіт ұстап, аңға салу «дұрыс емес» дегендер де болған. Алайда Айзере олардың сөзін елемейтінін жеткізді.
Ата дәстүрді жалғастыруды мақсат етіп қойдым. Өзіме ұнайды. Болашақта Бозанбай ауылын, Шығыс Қазақстан облысын, Қазақстанды танытқым келеді. (...) Бүркітті баулу маған қиын емес. Қиын болса, жоламас едім, - дейді Айзере Марксқызы.
Ал бүркітшілердің айтуынша, пойызда бүркітпен жүруге рұқсат берілмеген. Бұл қазір осы саладағы басты мәселенің бірі.
Айта кетейік, Бозанбай ауылында өткен жарысқа 10 облыс пен 2 қаладан құсбегілер келді. Барлығы 60 бүркіт, 14 қаршыға, 21 ителгі бақ сынаған.
«Құсбегілік» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді.