×

Шымкент әкімдігі көне кілемдерді жинап жүрген коллекционердің мәселесіне қатысты пікір білдірді

Дана Бектаева 10 жылдан бері көне кілемдерді жинаумен айналысады

 Ая Өміртай 20.02.2024 | 17:22
фотода: Дана Бектаева және Бауыржан Орынтаев

Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы визит-орталықтағы орнын қайтаруға мәжбүр болған коллекционердің мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Белгілі коллекционер, қазақ кілемдерін зерттеуші Дана Бектаева жуырда Түркістан қаласындағы визит-орталықтағы жалға алған орнын қайтаруға мәжбүр болған. Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында ол Қазақстанда кілем музейін ашқысы келетіндігін айтқан. Осыған қатысты Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев пікір білдірді.

Ол кісімен арнайы жолығып, мәселесін тыңдадым. Музей ашып, кілемдерін сонда қоюды сұрап отыр. Келешекте өлкетану, тарихтану, қолданбалы өнер бағытында музей ашу жоспарымызда бар. Ол үшін жоспарлау, жобалау құжаттамасының өзін әзірлеуге кемінде үш жыл кетеді.

Қолында біраз дүние бар көрінеді. Соны «әкімдік менен сатып алсын» деп отыр. Әкімдіктің ондай мүмкіндігі жоқ. Кейінірек арнайы музей ашып, сол арқылы болмаса, әзірге ыңғайы келмейді, - деп жауап берді басқарма басшысы Бауыржан Орынтаев.

Айта кетелік, Дана Бектаева 10 жылдан астам уақыттан бері кілем жинаумен айналысып келеді. Қазір оның қолында мыңнан астам кілем, 120-дан астам сандық пен елу шақты түскиіз, киіздер бар. Кілемдерінің ішіндегі ең көнесі XIX ғасырға тиесілі.

Мен өзімнің жеке қаржымды түгел осы кілемдерді сатып алуға жұмсадым. Өйткені бұл кілемдер – нағыз тарихи жәдігер. Менің қолымда баға жетпес байлық, ұлттық байлық бар. Өйткені кілемдер халқымыздың ежелгі идеясы мен дүниетанымының баға жетпес дәлелі, - дейді Дана Бектаева.

Еске салайық, бұған дейін Дана Бектаева Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында кілем музейін ашуға билік тарапынан қолдау жоқтығын айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама