«Баланың қалтасында скотч пен пакет жүрсе, дереу шара қолданыңыз»: Қазақстанда есірткіге тәуелді 18 мың адам тіркеуде тұр
Шынайы статистика ресми мәліметтен бірнеше есе көп болуы мүмкін
Қазақстанда есірткі заттарын қолданушылардың саны ресми статистикадан 5-10 есе көп болуы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ішкі істер министрлігі Есiрткi қылмысына қарсы іс-қимыл департаментi бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Әмірхановтің айтуынша, елімізде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Оның басым бөлігі профилактикадан тұрады. ІІМ өкілінің айтуынша, ресми статистика жасырын сипатқа ие. Сондықтан ол ата-аналарды сақ болуға шақырды.
Ата-аналар балалардың ұялы телефонын үнемі бақылап отыруы керек. Сондай-ақ сөмкесінде скотч немесе изолента сияқты заттар, қосымша табысы пайда болса, соған жиі көңіл аударып отыру керек, - деді ІІМ өкілі.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының бастығы Анжела Бексұлтанова келтірген мәлімет бойынша, 2024 жылдың 1 қаңтарда елімізде психоактивті заттарды қолданудың психикалық мінез-құлық бұзылыстары диагнозымен 108 722 адам динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде есірткіге байланысты 18 329 адам есепке алынған.
Еліміздегі есірткіге тәуелділерлердің 91%-ы – ерлер (16 817), қалғаны – әйелдер (1 512). 2 734 адам – (15%) 18 бен 29 жас аралығындағы жастар және 66 бала мен жасөспірім бар, - деді Бексұлтанова.
ДСМ өкілі ресми статистика нарколог дәрігердің назарына ілініп, динамикалық бақылауға алынған науқастардың негізінде жасалатынын айтып, жалпы көрсеткіш ресми мәліметтен әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтты.
Мамандардың елдегі есірткіге тәуелді адамдардың көбейгені туралы мәлімдемесін «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының басшысы Жандос Ақтаев та қостап отыр. Қор басшысы бұған бірнеше мысал келдірді.
«Тәуелсіз зерттеулерге сәйкес, әрбір бесінші жас синтетикалық есірткіні қолданып көрді. Синтетикалық есірткіні бір рет қолдану тәуелділікті тудырады. Сәйкесінше, бұл көрсеткішті 10 есе арттырып, біздегі ахуалды бағамдай беріңіз. БҰҰ жариялаған кешегі мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан әлемдегі есірткіге тәуелді 10 елдің қатарына кіреді. Яғни әлемдегі 200 елдің ішінде 8-ші орында тұрмыз дегенді білдіреді. Басқа жағынан емес, есірткі бойынша көш бастап тұрмыз. Бұл өте қорқынышты статистика. Бұған кім кінәлі деген сұраққа жауап беру... Дегенімен жағдайда дұрыстау үшін жұмыс істеу керек», - деді Ақтаев.
Қазақстанның құқық қорғау органдары еріктілердің көмегімен есірткі саудасымен айналысатын 3 мыңнан астам телеграм каналды бұғаттаған.
Есікрткі сату және жастарды есірткі бизнесіне тартумен айналысатын 3 мыңнан астам телеграм каналды бұғаттадық. Тіпті, сондай каналдар арқылы 13 жастағы жасөспірімдерді тартпақ болған. Бағымызға орай, біз жедел әрекет етіп, оның алдын алдық. Біздің қор интернет кеңістігіне мониторинг жасаудың алгоритмін әзірледі. Бүгінде елдегі 1800 студент ерікті ретінде осы жұмысқа атсалысып жатыр, - деді Жандос Ақтаев.