Шымкентте 700 млн теңге салық төлеуден жалтарған ЖШС-ға қатысты іс тоқтатылды
Мекеме мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеді
Шымкент қаласының прокуратурасы сотта мемлекет мүдделерін білдіру аясында аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтару фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, «А» ЖШС сотқа 704 млн теңге сомасына салықтарды қосымша есептеу туралы Мемлекеттік кірістер департаменті хабарламасының күшін жою туралы талап арызбен жүгінген. Департаменттің хабарламасы «А» ЖШС құжаттарды ресми ресімдеу жолымен сенімсіз жеткізушілермен мәмілелер бойынша шығыстарды салық салынатын табыстан шегерімге жатқызылғанына негізделген. Сот шешімімен «А» ЖШС-ның талабынан толық көлемде бас тартылды.
«А» ЖШС басшысына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 245-бабы 3-бөлігі бойынша аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарғаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Іс бойынша тергеп-тексеру кезінде салық төлеуші мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеді. Осыған байланысты сот қылмыстық істі ақталмайтын негіздермен тоқтатты.