Арқалық қаласының тұрғыны мен дәрігер ауруханада төбелескен (ВИДЕО)
Екеуі де бір-біріне дене жарақатын келтіріпті
Желіде Арқалық қаласындағы медициналық мекемеде жергілікті тұрғын мен дәрігердің төбелескені түсірілген видео пайда болды. Бұл жағдайға Қостанай облысы полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді.
Видеоны Telegram-дағы Egov.press арнасы жариялады. Бейнежазбадан жанжалдан кейін медициналық мекемеге келген адамның дәрігерге жұдырық ала жүгіргенін көруге болады. Дәрігер де төбелесе жөнелген. Оларды кабинеттегі адамдар ажыратып алды.
Жазбада видеода түсірілген жағдай Арқалық қаласының ауруханасында болғаны айтылған. Ал полиция мәліметінше, жанжал былтыр наурызда болған.
Дәрігер мен келушінің арасында жанжал туындап, екеуі бір-біріне дене жарақатын келтірген. Қалалық соттың шешімімен дәрігерге қатысты материал құқықбұзушылық белгілерінің жоқтығынан тоқтатылды, - деді департамент өкілдері.
Ал емдеу мекемесіне келген адамға 36 225 теңге айыппұл салынған.