Мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппаған
Павлодар облысында ауыл тұрғындары елді мекенге банкомат орнатуды сұрайды, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Павлодардағы облыстық кәсіпкерлер палатасында аудандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасы Павлодар ауданы филиалының директоры Әкежан Бақытбеков, аудандық кеңестің төрағасы Жасұлан Қабылдинов өңірдегі ауылдарда банкоматтың жоқтығын, халықтың қолма-қол ақша алу үшін қалаға баруға мәжбүр екенін айтты.
Павлодар аудандағы ауылдарда банкоматтар орнату мәселесі бірнеше жыл бойы көтеріліп келеді. Ауылдарда бизнес өкілдерімен кездесулер өткізілді. Мәселені халық пен кәсіпкерлер көтеріп отыр. Өйткені қолма-қол ақша алу үшін қалаға үнемі бару қиын, – деді Әкежан Бақытбеков.
Отырысқа банктер мен «Қазпошта» АҚ өкілдері де қатысты. Аудандық мәслихат депутаты Мәдина Жұмалиева ауылдарды аралағанын, мәселе өзекті екенін жеткізді.
Бізде постерминалдар болса да банкоматтар жоқ. Бұл ретте күзет мәселесі туындайды. Осы құрылғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Депутаттық корпус 2 ауылға (Кемеңгер мен Черноярка) банкомат орнатуды ұсынады, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, мұнда адам саны жеткілікті және инфрақұрылым дамыған.
Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ өкілдері ауылдарда банкомат орнатылса, онда лайықты күзет болуы керектігін ескертті.