Halyq Uni логотип
×

Алматыда барлық мектеп пен балабақшаға бейнекамера орнатылды

Дабыл бірден полиция департаментінің жедел орталығына түседі

 Дастан Жұмабекұлы 19.02.2024 | 11:51
Алматыда барлық мектеп пен балабақшаға бейнекамера орнатылды
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Кешенді қауіпсіздік жүйесі» жобасы іске асырылып жатыр. Бейнекамерамен мектеп пен балабақша және басқа да оқу орындары 100 пайыз қамтамасыз етілді, деп хабарлады Almaty.tv.

Кешенді қауіпсіздік жүйесі  тәулік бойы күзетті қамтамасыз етеді.  Ол ғимаратта орналасқан. Қауіпсіздік жүйесі полиция департаментіне дабыл арқылы стационарлық жедел әрекет ететін дабыл түймесімен толықтырылған. Қандай да бір оқиға немесе төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел топ келеді. Орнатылған видеокамералардан дабыл тікелей полиция департаментінің жедел орталығына түседі. Білім беру объектілерінің бүкіл аумағы тәулік бойы периметрі бойынша қаралады. Бейнебақылау камераларындағы материалдар 30 тәулік сақталады. Сондай-ақ арнайы кабинеттерде және кітапханада күзет дабылы қарастырылған. Қазір Алматы қаласында 459 мемлекеттік ұйымда және қаланың барлық ведомстволық бағынысты мемлекеттік білім беру ұйымдарында мамандандырылған күзет және бейнебақылау жүйесі бар, – делінген хабарламада.

Телеарнаның хабарлауынша, қалада 186 балабақшаға жабдықтар орнату жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, 8 638 бейнебақылау жүйесі орнатылды, оның 7 062-сі – ішкі, 1 576-сы – сыртқы. Сондай-ақ барлық балабақша Алматы қаласының ПД жедел басқару орталығына (ЖБО) сигнал беру мүмкіндігі бар өртке қарсы қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Мемлекеттік меншік нысанындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын бақылау жүйелерімен (домофондармен), бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен және өртке қарсы қауіпсіздіктің кешенді жүйелерімен жарақтандыру жұмыстары орындалды.

Былтыр желтоқсан айының басынан бастап мектептерде барлық бейнебақылау камераларын, ЖБО-ға қосылған дабыл түймелерін жаңарту жұмыстары басталды.

Қазір 205 мектеп пен 10 интернат қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде 215 ұйымда 11 831 бейнебақылау камерасы, 215 дабыл түймесі, бетті тану мүмкіндігі бар 416 турникет орнатылды. Қауіпсіздік жүйелерімен қаланың колледждері де жабдықталған. Мәселен, 20 колледжге 1 503 бейнебақылау жүйесі орнатылған. Оның 1 064-і – ішкі, 439-ы – сыртқы. Бұл ретте 126 камера Алматы қаласының ПД ЖБО-ға қосылған. Сондай-ақ дабыл түймелері мен турникеттер орнатылған және барлық 20 колледжге мамандандырылған күзет қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ 17 мектептен тыс мекемеге 436 бейнебақылау жүйесі орнатылған. Оның ішінде 233 камера Алматы қаласының ПД ЖБО-ға қосылған. Мектептен тыс 7 мекемеде 25 дабыл түймесі мен турникеттер орнатылды. Барлық 17 мектептен тыс мекемеге мамандандырылған күзет қызмет көрсетеді», – делінген хабарламада.

Биыл күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мектептер мен балабақшаларды қауіпсіздік жүйелерімен қайта жарақтандыру жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама