Жүргізушілер жол ережесі қауіпсіздігін қатаң сақтауға тиіс
Елімізде бір айда ата-ананың салғырттығы салдарынан 12 бала жолда көз жұмды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, 15 ақпаннан бастап республика бойынша «Сіздің балаңыз – жолаушы!» акциясы өткізіліп жатыр.
Қазақстанда бір айда біз 15 баладан айырылдық. Оның 12-сі жолаушы болған және ата-аналарының абайсыздығынан қаза тапты, - деді Ақтоты Боранова ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Осыған байланысты аға инспектор қазақстандықтарды жолда сақ болуға шақырды.
Жол қолғалысы ережесінің барлық талабын қатаң сақтаңыздар! Әсіресе, ауа райы нашарлағанда жолда мұқият болған жөн. Күш-жігерді біріктіріп, көлік апатын болдырмауға тырысайық және жолдағы барлық қатысушының өмірі мен денсаулығын сақтайық, - деді ІІМ өкілі.
Айта кетейік, елімізде жыл сайын көлік апатынан шамамен 2 мың адам қаза табады.