БҚО-да қызды ұрып-соққан күдікті ұсталды
Оның басқа да қылмысқа қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр
БҚО-да полиция қызметкерлері қызға шабуыл жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаңтардың соңында Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында белгісіз біреу қызды бұзақылық ниетпен ұрып-соғып, оқиға орнынан бой тасалаған болатын. Полиция қызметкерлері ұйымдасқан жұмыстың нәтижесінде қылмысты жасаған күдіктіні анықтады. Ол Бәйтерек ауданының тұрғыны болып шықты.
Қылмысты ашу үшін есепте тұрған тұлғалар тексеріліп, ішкі істер бөліміне күдіктіге ұқсас 38 адам жеткізілді. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, бейнебақылау жүйесінің көмегімен күдіктінің жүрген жолы анықталып, сол арқылы қолға түсті.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның басқа да қылмысқа қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр, – делінген полиция хабарламасында.