Сарыағашта оқушылар мектепте бірыңғай ұлттық киім киіп жүр

Дастан Жұмабекұлы

Білім ордасы қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру және еңбек пәндерінде ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерге басымдық беріп отыр

Фото: otyrar.kz

Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Нұрлы жол ауылында Б. Омаров атындағы №50 мектептің оқушылары ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киюді әдетке айналдырып отыр. Бұл бастамаға мектеп ұстаздары да атсалысып келеді, деп хабарлады otyrar.kz.

Білім ошағы қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру және еңбек пәндерінде ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерге басымдық береді.

Сонымен бірге оқушылар үйірме сабағында ұлттық аспаптарды меңгереді. Қос ішекті домбырамен күй шерткен шәкірттер ұлттық биді де назардан тыс қалдырмаған. Сондай-ақ мектепте ұлттық спорт та кеңінен насихатталып, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары дене шынықтыру сабағында үйретіледі. Тіпті қазақ күресінен жүлделі орындарды иеленіп, байрақты бәсекелерде аудан мерейін үстем еткен оқушылар да бар.

Материалда хабарланғандай, мектептің ұстаздары ұлттық құндылықтарды тек сабақ оқыту үдерісінде ғана емес, түрлі сайыстармен де дәріптеуде. Атап айтқанда, мектепте қыз бен жеңге, әке мен ұлдар арасындағы жарыстар жиі ұйымдастырылады. Осылайша, сарыағаштық мұғалімдер салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлттық болмыстың ұмыт қалмауына мұрындық болып отыр.