Абай облысында «полицейлер» тұрғынның 1 млн теңгеге жуық ақшасын қолды қылған

Динара Амантай

Қазір күдіктілер қамауға алынды

Фото: polisia.kz

Абай облысында тәртіп сақшылары жалған полицейлерді ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жарма ауданының тұрғынын белгісіз адамдар тоқтатып, өздерін тәртіп сақшылары ретінде таныстырған. Одан жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсынуын сұраған. Жәбірленушінің құжаттары мен биометриялық деректерін суретке түсіргеннен кейін күдіктілер кетіп қалған. Жеке деректерін иемденген соң, оның шотынан 925 мың теңге шешіп алған.

Ер адам шотынан ақша алынғаннан кейін өзінің жалған полицейлерге тап болғанын түсініп, «102» арнасына жүгінген. Абай облысы Жарма ауданының жедел уәкілдері күдіктілердің ізіне жылдам түсіп, оларды ұстады.

Белгілі болғандай, алаяқтықпен БҚО-ның 3 тұрғыны айналысқан. Қазір күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып жатыр.